Рим папасы Франциск Лионель Мессиге қатысты футбол сүйер қауым айтып жүрген фразаны көп қолдана бермеуге шақырды. Атап айтар болсақ, Аргентина мен «Барселона» клубының шабуылшысы Лионель Мессиді өзінің фанаттары «футбол Құдайы» деп атағаны белгілі.
Алайда Рим папасы футбол жұлдызын бұлай деп атауға үзілді-кесілді қарсылығын білдірді. Сонымен қатар Мессиді болашақта «Құдай» деп атамауға шақырды.
Рим папасының айтуына қарағанда, «Лионель Месси шындығында қазіргі футбол өнеріндегі жарық жұлдыз, ол футбол тарихындағы шын мәнінде тарихи тұлға». Осы уақытқа дейін әлемдегі ең үздік футболшыға берілетін «Алтын доп» жүлдесін бес рет жеңіп алған футболшының қазір де атақ -даңқы жер жарып тұр..
–Теориялық тұрғыдан алғанда, «Барселонаның» футболшысы Мессиді Құдай деп атау күпірлік. Сондықтан ұлы футболшыны олай деп атауға болмайды. Адамдар оның ойын шеберлігіне қызығып және Мессидің мықтылығын мойындап, «Футбол Құдайы» деп атауы мүмкін. Бірақ бұл дұрыс емес. Адам жалғыз Құдайға ғана табынуы керек. «Футбол Құдайы» – құрмет білдіру тұрғысынан айтылатын фраза. Әрине, Мессидің ойын алаңындағы шеберлігінде мін жоқ, бірақ ол Құдай емес,–деді Рим папасы Франциск.
Пікір қалдыру